МЕКТЕП ТАРИХЫ
Мектептің қысқаша тарихы
Бұл мектептің негізі 1933-1934 жылдары Қатын көпір шағын ауданындағы Тельман елді мекеніндегі бұрынғы Ерназар атындағы колхозда /ұжымшарда/ 1933 жылы төрт жылдық бастауыш мектептің іргетасы қаланған.
1933-1934 оқу жылында осы мектепке басшылық жасаған алғашқы директор Абдулла Саттаровтың алдына қойған негізгі мақсаты колхоз тұрғындары мен олардың балалары арасында сауаттандыру жұмысын жандандыру болды. Төрт жылдық бастауыш мектебі болғанымен, оның өзіндік қиыншылықтары бар еді. Осы қиыншылықтарды жеңе білген Абдулла Саттаров еңбегімен ел алғысына бөленіп, мектеп тарихында алғашқы директор болып мәңгі есте қалды.
1939-1942 жылдар арасында мектепке Ахметов Сейдулла деген азамат басшылық еткен. Ол кісі, мектептегі тәртіп пен талапты күшейтіп, үлкен жетістіктерге жетіп, Ерназар атындағы төрт жылдық мектепті Тельман атындағы жеті жылдық мектеп етіп қайта құрды.
1943-1944 жылдар аралығында мектебімізді Жорабеков Халық басқарған. Бұл жылдар Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезең болатын. Халқымыз күндіз-түні майдан үшін аянбай еңбек етті. Қолда бар мүмкіндіктің барлығын азық-түлік, киім-кешек майданға жіберілді. Бірақ мектептегі бала оқыту, бала тәрбиесі бір сәтте тоқтаған емес.
1945-1954 жылдар аралығында мектепке Сарыбаев Орынбасар, Үсенов Мұсахан, Тоқтамысов Нышанбай, Мусаев Мұхсәт, Туғанбаев Нарман, Айдаров Байляр деген өзіндік қолтаңбалары бар азаматтар басшылық еткен. Осы жылдары мектепте өзбек сыныптары ашылып, аралас В.И.Ленин атындағы мектепке айналды. Аралас мектебімізде ұстаздарымыз да, басшыларымыз да әр түрлі ұлт өкілдерінен құрылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып аянбай еңбек етті.
1953-1954 оқу жылында мектепке директор болып тағайындалған 1967 жылға дейінгі басшылық еткен Сейдахан Садықұловтың мектеп тарихындағы орны ерекше. 1956 жылы Тельман мен Куйбышев елді мекеніндегі мектептер біріктіріліп, В.И.Ленин атындағы негізгі мектеп болып қайта құрылды.
1958 жылы мектеп аудан көлемінде оқу-тәрбие жұмыстарында жоғары көрсеткіштерге жетіп, орта білім беретін мектепке айналдырылды.
1962-1963 оқу жылында мектеп он жылдық болып қайта құрылды. Жалпы 1954-1967 жылдар аралығында мектепке басшылық еткен С.Садықұлов өзін ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен іскер, білімді басшы ретінде танытты.
1956 жылы В.И.Ленин атындағы №29 орта мектепте алғашқы қадамын мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде басатаған Сейткәрім Абдиев 1967 жылдың тамыз айының аяғына қарай Бөген аудандық партия комитетінің ұйғаруымен осы мектепке директор болып тағайындалды. 1972 жылы С.Әбдиев Бөген аудандық оқу бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалды.
Өзінің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқасында ұжым көңілінен шыға білген Қабылбеков Нарман Арыстанбекұлы 1972 жылы осы мектептің директоры болып тағайындалды.
1974-1975 оқу жылында мектеп 960 оқушыға арналған 3 қабатты жаңадан салынған ғимаратқа көшірілді. 1975-1976 оқу жылынан бастап, мектеп облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып, оқытудың кабинеттік жүйесіне көшті.
1958-1959 оқу жылында мектеп жанынан интернат ашылды. 1987 жылы Қатын көпір елді мекені Сайрам ауданының құрамына енді. Ал 1989 жылы елді мекен аумағына қосылуына байланысты, мектептің көрсеткіш №29 В.И.Лениннен №51 орта мектеп болып ауыстырылды. Мектепке 20 жылдай қызмет еткен Н.А.Қабылбеков 1992 жылы зейнеткерлікке шығуына байланысты оның орнына Ахметов Мырзабай Бекзалбекұлы тағайындалды.
2007-2012 жылдар аралығында мектепке Мырзатаев Нұрлан Бахадүрұлы басшылық етті.
2012-2022 оқу жылының наурыз айынан бастап Ешентаев Ағабек Оңалбекұлы директор болып тағайындалды.
2022 жылдан бастап Шырынбеков Нұрбол Талатбекұлы тағайындалды.